Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтауға қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жылдық мәнде инфляция мамырда 14 пайызға жетті. Бұл туралы елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтауға қатысты пікір білдірді

«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2022 жылғы 7 маусымнан бастап базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Біздің шешіміміз болжамды раундтың нәтижесінде қабылданды. Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалдың бұдан кейінгі дамуына қатысты болжамды жаңарттық», - деді Ғ. Пірматов.

Осы орайда ҰБ басшысы базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімге негіз болған факторларды түсіндірді.

«Наурыздағы өзгерістен кейін айлық инфляция сәуірде 2%-ға дейін және мамырда 1,4%-ға дейін баяулады. Алайда, өткен жылғы көрсеткіштерден, сол сияқты, әдеттегі өзінің орташа жылдық мәнінен айтарлықтай асып, жоғары қалпында қалды. Жылдық мәнде инфляция мамырда 14%-ға жетті, бұл ретте барлық құрамдас бөліктер бойынша бағаның өскені байқалды. Жылдық мәнде 19%-ға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі де елеулі үлес қосты», - деді Ғ. Пірматов.

Оның сөзіне қарағанда, азық-түлік өнімдеріне жатпайтын инфляция импортты тауарлардың қымбаттауына байланысты 11,9%-ға дейін қарқын алды. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан, ақылы қызметтердің инфляциясы 9,1%-ға дейін өсті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Ұлттық банк базалық ставканы көтеру себебін түсіндірген болатын.