Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда ауылшаруашылық банкін құруға қатысты өз пікірін білдірді

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда мамандандырылған мемлекеттік банк құруға қарсымыз, алайда қызмет көрсетіп отырған банктерді ауыл шаурашылығы саласына бағыттауға болады.

Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда ауылшаруашылық банкін құруға қатысты өз пікірін білдірді

Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында  депутаттар сұрақтарына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлім етті.

ҰБ төрағасының айтуынша, Қазақстанда бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласына маманданған банк жұмыс істеген және сол банк үш рет банкроттыққа ұшыраған.

«1994 жылы біз сондай банктің құрылымын өзгерттік. Кейіннен ол екінші рет 2000 жылы банкротқа ұшырап, оны жеке инвесторлар сатып алды, сосын ол «Наурыз банк» болып қайта құрылды. Кейіннен ол да банкрот болды. Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен бергі уақытта мемлекеттік және мемлекет жанындағы банктердің бұл саладағы қызмет нәтижесі ешқандай да жағымды сипатта болған емес», - дейді Г. Марченко.

Оның айтуынша, тәуелсіздіктен бері Қазақстанда мамандандырылған-коммерциялық 5 банк жұмыс істеген. Солардың 4-еуі банкротқа ұшырады.

«Әрине, біз Ұлттық банк ретінде өз тәжірибемізді саралай келсек, осы салада дәл мамандандырылған банк  ашуға қарсымыз. Алайда, бұған ешқандай да кедергі жоқ. Біз бұл туралы баяғыдан айтып келеміз: мамандандырылған мемлекеттік емес банк құруға да не болмаса қызмет етіп отырған банкті сатып алуға да болады. Сол арқылы ондай банкті ауыл шаруашылығы саласына бағыттауға да болады. Сондықтан да, біз бұған ешқалай қарсы емеспіз. Ең бастысы заң талаптары мен нормативтік құқықтық талаптар орындалса болғаны», - деді Г. Марченко.