Ұлттық банк төрағасы: Зейнетақы жинағы тиімсіз пайдаланылуда деп алаңдауға еш негіз жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың зейнетақы жинағына қатысты мәлімдемесе орай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетсек, 2 қараша күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат ағымдағы жылдың 3 тоқсанындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7 трл 539 млрд теңгеге жетіп, инвестициялық таза табысы 462 млрд болғанын айтқан еді. Осылайша, кірістілік деңгейі 6,1 пайызды құрайды. Ал дәл осы кезеңдегі инфляция 7,1 пайыз болды. Демек, зейнетақы жинағына ешқандай кіріс қосылмаған деген сөз.
«Біздің көзқарасымызша, өкінішке орай ол жерде түрлі кезеңдегі сандарға арқа сүйелген және сол арқылы қоғамды адастырып отыр. Негізінде зейнетақы активтерінің 9 айдағы кірістілігі келтіріледі де, жылдық инфляциямен теңестіріледі. Бұл дұрыс емес. Қазір мен келтірген деректер зейнатақы активтерінің шынайы кірістілігі инфляциядан жоғары екендігін көрсетеді және қандай да бір жолдармен желінуде немесе тиімсіз пайдаланылуда деп алаңдауға еш негіз жоқ», - деді Данияр Ақышев Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте.
Ұлттық банк төрағасының дерегінше, 1 қазандағы зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 7,5 трлн теңгені құрады. Салымшылардың есепшоттарына 462 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық кіріс бөлінді. Бұл 6,68 пайызды құрайды. Ал осы аралықтағы инфляция көлемі - 4,2 пайыз.
«Яғни, жыл басынан бері оң кіріс қамтамасыз етілуде»,- деді ол.