Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы сынға жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры арқылы басқарудың тиімсіздігі туралы сындарды негізсіз деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай пікірді ол Мәжіліс депутаттарының сакуалына берген жауабында айтқан.

«Ішкі экономикадағы ақшаның құнсыздануының негізгі өлшемшарты валюта бағамы емес, елдегі инфляция деңгейі болып табылады. Осыған байланысты зейнетақы активтерін сипаттайтын ұзақ инвестициялық аралықты ескере отырып, оларды инвестициялаудың негізгі мақсаттарының бірі ұзақ мерзімді кезеңде инфляция деңгейінен жоғары кірістілік алу болып табылады. Бұл инвестицияланған қаражаттың сатып алу қабілетінің сақталуын ғана емес, сонымен қатар зейнетақы жинақтарының нақты мәнде өсуін қамтамасыз етеді», - деп жазады Ұлттық банк басшысы.

Оның мәліметіне қарағанда, 2014 жылдан бері БЖЗҚ-ның жылдық орташа кірістілігі жылдық орташа инфляциядан жоғары болған. Сондықтан зейнетақы активтерін БЖЗҚ арқылы басқарудың тиімсіздігі туралы уәждер дұрыс емес.

«Жалпы БЖЗҚ-да зейнетақы активтері шоғырланған сәттен бастап (2014 жылғы сәуір – 2022 жылғы қараша) жинақталған инфляция 111,2% болған кезде зейнетақы активтері бойынша жиынтық кірістілік 114,2%-ды құрады. Осылайша, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудың тиімсіздігі туралы жекелеген қысқа мерзім аралығында алынған кірістілік негізінде жасалған тұжырымдар дұрыс емес болып табылады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт аралығында қарастырған жөн», - делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар
telegram