Ұлттық банк «Жылқы жылы» естелік монетасын айналымға шығарды
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық банкі 2013 жылғы 3 желтоқсаннан бастап «proof» сапасымен номиналы 500 теңгелік «Жылқы жылы» естелік монетасын айналымға шығарды. Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жылқы жылы» естелік күміс және алтын монеталары - «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясын жалғастыратын төртінші шығарылым.
«Жылқы жылы» алтын және күміс естелік монеталары он екі қырлы нысанда жасалған. Күмістен және алтыннан жасалған екі монетаның бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей. Монеталардың бет жағының (аверсінде) орталық бөлігінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифологиялық символдары бейнеленген және монета дайындалған металды, оның сынамы мен салмағын (күмістен жасалған монетада - «Ag 925 31,1 g», алтыннан жасалған монетада - «Au 999 7,78 g») білдіретін жазу бейнеленген.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте шығыс күнтізбесі бойынша 2014 жылдың символы - жылқы бейнеленген және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне айналдыра - ойып жазылған «2014» жазуы бар қаусырма орналасқан. Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі.