Ұлттық банкінің «Байқоңыр» ескерткіш күміс монетасы халықаралық байқауда екінші жүлдеге ие болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Банкінің «Республика игілігі» сериясында шығарған «Байқоңыр» ескерткіш күміс монетасы халықаралық «Vicenza Numismatica - 2014» байқауында екінші жүлдеге ие болды.
Байқау Италияның Виченца қаласында үстіміздегі жылдың 14 ақпанында өтті.
Мұндай жоғары марапат символдық объектілерді бірегей әзірлегені және жоғары технологиялық өндірісте бірегей тұрғыдан қолданылатын күміс пен танталды шебер үйлестіргені үшін беріліп отыр.
Монетаның бет жағында (аверсінде) стильдендірілген жұлдызды аспан және адам мен ғалам бірлігінің нышаны ретінде екі адамның сұлбасы бейнеленген.
Ал монетаның сырт жағында (реверсінде) көшпенділер әлемінде ғарышқа арналған терезе, бүкіл адамзат үшін Байқоңыр ғарыш айлағы ашқан терезе ретінде түсіндірілетін «Шаңырақ» кескінін құрайтын жерсеріктері орбитасының стильдендірілген бейнелері көрсетілген.