15:36, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымына Қазақстан Республикасы Президентінің Григорий Марченконы тағайындауына Сенат келісім берді және 3 заң қабылданды
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кезекті жалпы отырысы болды.

Күн тәртібі бойынша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 55 бабындағы 2 тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымына Президенттің Григорий Марченконы тағайындауына депутаттар келісім берді.Жалпы отырыста одан басқа заң жобалары қаралды. Талқылау нәтижесінде «Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенцияны және оған хаттамаларды: Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттаманы (І хаттама), Өртегіш қаруды қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттаманы (ІІІ хаттама) және Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттаманы (ІY хаттама) ратификациялау туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Су кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.Еске сала кетейік, бұл заңдар Парламент палаталары арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу комиссияларының қарауына жіберілген болатын.