Ұлттық банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы байқалды
«2022 жылы 26 шілдеде Ұлттық банк қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық аралықта жылдық 14,5% деңгейінде бекіту туралы шешім қабылдады. Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін мөлшерлеме – TONIA индикаторы 2022 жылдың маусым айында пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. TONIA-ның орташа алынған жылдық мәні 13,6% болды (2022 жылғы мамырда – 14,4%)», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Атап айтқанда, 2022 жылдың маусым айы соңында Ұлттық банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық банктің ашық позициясы) 3,1 трлн теңге болды.
«Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 727,7 млрд теңге, Ұлттық банктегі банктік депозиттер – 520,5 млрд теңге болды. 2022 жылғы маусымның соңында айналымдағы қысқа мерзімді ноттар көлемі бір айда 5,6%-ға ұлғайып, 1 796,2 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы маусымда жалпы сомасы 1460,9 млрд теңгеге Ұлттық банк ноттарының 5 аукционы, оның ішінде 1 360,4 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион өткізілді. Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы маусымда 1 638,6 млрд теңге болды», - деп аталып өткен ҰБ ақпаратында.
Бұдан бөлек, 2022 жылдың маусым айында ҚР Қаржы министрлігі 511 млрд теңгеге 1 жылдан 5 жыл аралығында өтеу мерзімі бар орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Олар бойынша кірістілік жылдық деңгейде 13,62-14,5 пайыз болды.
2022 жылғы маусымда ҚР Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздар көлемі 11 692,5 млрд теңгеге дейін 3,98 пайызға өсті.