Ұлттық банктің халықаралық резервтері ақпан айында 1,1 пайызға төмендеді

АЛМАТЫ. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлттық банктің жиынтық халықаралық резервтері ақпанда 1,1 пайызға, ал жыл басынан бері 5,8 пайызға төмендеді.

Ұлттық банктің халықаралық резервтері ақпан айында  1,1 пайызға төмендеді

Бұл туралы бас банкир Григорий Марченко бүгін Алматыда қаржы нарығындағы ахуал туралы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, халықаралық резервтерде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Таза халықаралық резервтер ақпанда негізінен Ұлттық қордың активтерін толықтыру мақсатында валютаны сату есебінен 1,1 пайызға және жыл басынан бері 5,9 пайызға кеміді. Соның нәтижесінде таза валюта қорлары 1,1 пайызға қысқарды. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар мен әлемдік нарықтарда оның бағасының төмендеуінен 1 пайызға азайды. Ақпанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда 86,2 млрд. долларға жетті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша 59,5 млрд. долларды құрайды.