Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді - Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов

АНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді - Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов

«Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеуді жетілдіру қажет. Бүгінде оны екі кезеңге бөлу туралы ұсыныс жасалып отыр. Алайда талдау жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, ҰБТ-ның қазіргі кездегі форматы оң рөл атқаруда және оны қоғам қабылдап отыр. Сондықтан да қазіргі кезеңде оның форматы өзгермейді. Бұл Үкімет тарапымен де келісілді»,-деді Б. Жұмағұлов.

Сонымен қатар министр ҰБТ -ның сапасы мен мазмұнына айрықша көңіл аудару керектігіне тоқталды. Оның пайымдауынша,тестілерді жетілдіріп, жатталған білімді бағалаудан гөрі қабілеттілік индикаторларына көшу керек. Сондай-ақ ойлау қабілетін тереңдетуге назар аудару қажет.

Мұнымен қоса ведомство басшысы мектептер мен жергілікті атқару органдарының деңгейінде ҰБТ-ның ашықтығын және ешбір заң бұзушылық кемшіліктерсіз өткізуін қамтамасыз етуі керектігін айтып өтті.