Ұлттық экономика министрлігі қант бағасына қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі республика бойынша күрт көтерілген қант бағасына қатысты түсініктеме берді.
«Республика бойынша, қант бағасы орташа есеппен 10 пайызға артқан. Бұның себебі - қантты көтерме бағамен жеткізетін тараптардың бағасы өскен. Алдын ала ақпарат бойынша, жалғыз өндіруші - «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС-ның бағасы импорттық тауардың бағасына байланысты артып отыр»,-деп түсіндірген Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі. Ал, бүгін Үкімет отырысынан кейін Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа Астана қаласындағы «Small» сауда желісінің бір дүкені қантты қоймада тығып отырғаны туралы ақпарат беріп едік, өтініш жазып, тексеру жүргізуді талап ету керек деді. «Комитетке өтініш жазыңыздар, сіздердің материалдарыңызды негізге ала отырып, тексеру жүргіземіз»,-деді Қ.Бишімбаев ҚазАқпарат тілшісіне. Естеріңізге сала кетейік, кеше Астанада қолдан жасалған қант тапшылығы жөнінде ақпарат берген болатынбыз.
Еске сала кетсек, кеше ҚазАқпарат тілшілері Астана қаласындағы сауда орталықтарына барып, ондағы қант мәселесі бойынша жағдайды өз көздерімен көріп қайтқан болатын.
Өйткені бірнеше күннен бері бүкіл республика бойынша қант тапшылығы қатты сезіліп тұр. Мысалы, Қарағандыда тұрақты қордан 150 тонна көлеміндегі тауар интервенциясына қарамастан, өңірдегі қант тапшылығы жойылған жоқ.