Ұлттық ғарыш орталығы алғашқы ғимаратының құрылысы келесі айда аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада салынып жатқан ұлттық ғарыш орталығының алғашқы ғимаратының құрылысы келесі айда аяқталады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қазақстанда ғарыш саласын қалыптастыру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлімдеді.
«Орталықта Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесінің жерүсті сегменті орналасады. Бұл арқылы Жерді қашықтықтан зондтау спутниктері басқарылады және осы спутниктерден алынған мәліметтер өңделеді», - деді Т. Мұсабаев. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Франция арасындағы келісімшарттар аясында Жерді зондтау ғарыштық жүйесін құру бойынша 45 қазақстандық инженер-маман Франция мен Италиядан толық курстық тағылымдамадан өткен. Олар ғарыш аппараттарын басқарумен, жобалаумен, мәліметтерді алуды қамтамасыз етумен және алынған мәліметтерді өңдеумен айналысады. «Осылайша, өзіміздің ғарыш аппараттарының болуы, сонымен қатар, олардан алынған мәліметтерді өздеріміздің білікті мамандардың өңдеп, кәдеге жаратуы әлемдік нарықтағы осындай өнімдер үшін жұмсалатын қаражатты екі есеге төмендетуге мүмкіндік береді. Ал Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі Қазақстанның экспорттық әлеуетін жылына 6,5 миллиард теңгеге арттырады. Біздің алдағы міндетіміз осы жүйенің тиімділігін арттыру», - деді агенттік басшысы.