Ұлттық гвардия полковнигі ұшақта жолаушының өмірін сақтап қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық гвардия полковнигі Серік Омарбаев Астана-Дубай рейсінің ұшақ бортында жолаушы әйелдің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық гвардияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полковник Серік Омарбаевтың айтуынша, Астанадан Дубайға ұшып бара жатқан ұшақта жолаушылардың бірі есінен танып қалған.

«Ол кезде түн ортасы болғандықтан, жолаушылардың көбі ұйқыда еді. Көмекке шақырған дауысты естіп, жетіп барсам, әйел клиникалық өлім жағдайына түсіп үлгерген екен. Абырой болғанда, бортта алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажеттінің бәрі бар екен. Жарты сағаттай арпалыстан соң әйел ес жиды. Дубайға жеткен соң оны әуежайда күтіп тұрған кардиологиялық бригадаға тапсырдық», - дейді полковник.
Ұшақтағы жағдайдың шектеулі болуына қарамастан, офицер әйелге жасанды жолмен тыныс беріп, жүрек тұсына массаж жасау арқылы аман сақтап қалды.

«Мұндай кездерде алғашқы медициналық көмек көрсету баршамыздың, әсіресе ақ желеңді жандар мен погон таққан мына біздердің борышымыз. Мұндай жағдай менің өмірімде алғаш рет болып отыр. Әйелдің есін жинауы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым», - дейді Серік Омарбаев.
Дәрігерлер науқастың жүрегінде туа біткен ақауы бар екенін анықтады. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Егер лайнердің бортында ол болмағанда, менің халім не боларын білмеймін. Ол нағыз кәсіби маман, сергек, қайырымды, кішіпейіл жан, бауырмал дәрігер», - деп алғыс білдірді Наталья Попова.

Соңғы жаңалықтар
telegram