Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы кез келген отаны жасай алады
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында Дүниежүзілік жүрек күніне арналған пресс-тур ұйымдастырылды.
Оның аясында бұқаралық ақпарат құралдары орталықтың қызметімен жан-жақты танысып шықты.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынованың айтуынша, бүгінде орталықта кардиология және кардиохирургия қызметінің барлық түрлері бар. «Біз осы салада әлемде жасалатын барлық шараларды атқара аламыз. Былайша айтқанда, Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы кез келген отаны жасай алады», - дейді М.Бекбосынова. Оның айтуынша, бүгінде орталықтың барлық қызметтері Қазақстан азаматтары үшін тегін көрсетіледі. Өткен жылы орталық мамандары атқарып шыққан жұмыстың арқасында Қазақстан жасанды жүрек отасы жағынан 22 үздік елдің қатарына енді. Биыл Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына екі жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде 80 адамға жасанды жүрек салынды. Соның арқасында олар ел қатарлы жұмыс істеп, үйлі-боранды болды. Дегенмен, сырқаттардың ішінде донор жүректі күтіп жатқан азаматтар да баршылық. Пресс-тур барысында журналистер ол науқастармен де кездесіп сұхбаттасты. Ал іс-шараның соңында адамның өмірі үзілмесін деген ниетпен бірнеше түп ағаш отырғызды.