16:33, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Ұлттық халық санағы барысында санақ бланкілерін 16 миллион 304 мың 840 адам толтырды ? А.Мешімбаева
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ұлттық халық санағы өткен 10 күнде санақ бланкілерін 16 миллион 304 мың 840 адам толтырды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Мешімбаеваның атап көрсеткеніндей, санақтың ресми белгіленген мерзімі аяқталғанымен, тізімге ілікпей қалған азаматтарды анықтау жұмыстары тағы 10 күнге жалғасатын болады. «Астана мен Алматы белгіленген мерзімде халықты санақтан өткізіп үлгермегендіктен, ол аймақтарда Ұлттық халық санағының негізгі іс-шаралары өтіп жатыр. Сонымен қатар бүгінде осы екі қала мен облыстарда тізімге ілікпей қалған азаматтарды анықтау үшін қайта аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ наурыздың 16-сына дейін Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс және Әділет министрліктері мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, аталмыш ведомстволарға қарасты жабық мекемелердегі санақтың нәтижелерін ұсынса, наурыздың 31-іне дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген қазақстандық азаматтардың нақты санын анықтайтын болады», - деді ол. Халық санағының алдын-ала мәліметтері сәуір айының басында белгілі болады. Кейінгі төрт айдың ішінде толтырылған бланкілер арнайы сканерден өткізіліп, қайталанып жазылған бланкілерді анықтау жұмыстары атқарылады. Жалпы республика бойынша сараптамалық деректер жыл соңында дайын болады.