17:59, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық халық санағына байланысты шет елдердегі қазақстандықтарды тіркеу жүріп жатыр
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері мен мекемелері сырт елдердегі Қазақстан азаматтарын санақтан өткізуді қаңтардың 5-інде бастап, наурыздың 1-не дейін жүргізеді.
Бүгін бұл туралы Астанада Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақпанның 13-індегі ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта шетелдердегі консулдық есепте Қазақстанның 13 629 азаматы тұр. «Санаққа елден тыс жерлерде дипломатиялық және оның басқа да өкілдіктерінде жұмыс істейтін ҚР азаматтары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері, шет елде әскери және басқа да оқу орындарында оқитын курсанттар мен студенттер, келісімшарт бойынша шет елге бір жылдан астамға жұмыс істеуге кеткен азаматтар, сонымен бірге шет елге тұрғылықты тұруға кеткен, шет елдегі ҚР консулдық мекемелерінің есебінде тұрған Қазақстан азаматтары мен әйел азаматтары қатысады», дейді СІМ өкілі.Белгілі болғандай, Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясында, Қытайда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Германияда, Тәжікстанда көбірек шоғырланған.