Ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша 163 актив бәсекелестік ортаға берілетін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұлттық компаниялардың 60 еншілес ұйымын жабу ұсынылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша 163 актив бәсекелестік ортаға берілетін болады, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры бойынша - 106, «Бәйтерек» холдингі бойынша - 15, «ҚазАгро» - 32, «Парасат» - 8, сондай-ақ «Зерденің» 2 активі берілмек. Сонымен бірге 60 компанияны жабу, ұлттық холдингтер құрылымына кіретін 28 ұйымды бірігу жолымен қайта құру ұсынылды»,-деді Е. Досаев.
Е. Досаевтың айтуынша, осында қайта құрылымдау нәтижесінде ұлттық холдингтер компанияларының саны 36 пайызға (270 ұйым) қысқарып, барлығы 464 ұйымды құрайтын болады.
Бәсекелес ортаға беруге ұсынылғандардың ішінде мынадай «Майқайыңалтын» АҚ, «Қазақстандық вагон құрайтын компания» ЖШС, «Транстелеком» АҚ, «Қасқор-Транссервис» АҚ, «Теміржолжөндеу» ЖШС, «Қызылту» ЖШС, «Жамбылдық ГРЭС» АҚ, ҚБТУ және басқа ірі ұйымдар кірді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы жылдың 11 қазанында кеңейтілген Үкімет отырысында жекешелендірудің екінші толқынында кәсіпорындар санын ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.