Ұлттық идея бірлік пен бәсекеге қабілетті экономикаға және интеллектуалды қоғамға негізделуі тиіс - Президент

sp;АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ұлттық идея қоғамның дамуына қарай қалыптасады. Менің пікірімше, ұлттық идея турасында сөз қозғағанда мынадай мәселелерді ескеру қажет сияқты.

Ұлттық идея бірлік пен бәсекеге қабілетті экономикаға және интеллектуалды қоғамға негізделуі тиіс -  Президент

 Біріншіден, ол ұлт бірлігі. Екіншіден, мықты бәсекеге қабілетті экономика. Бұл туралы біз осыған дейін де сөз қозғағанбыз. Мықты экономика тәуелсіздігімізді нығайтып, ойлаған істерімізді жүзеге асыру үшін қажет», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың тікелей желі арқылы жолдаған сауалдарына жауап беру кезінде.

 Сондай-ақ Мемлекет басшысының пікірінше, ұлттық идея интеллектуалды қоғам қалыптастырумен байланысты. «Егер біз өзгелермен бірге иық теңестіре отырып, жаһандық үдерістен аман  шығамыз десек,  интеллектуалды, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыра білуіміз керек. Ол үшін елдің әрбір азаматы бәсекеге қабілетті болуы қажет. Сонда ғана ол қоғамның маңызды бөлігі бола алады. Сондай-ақ біз әлем қадір тұтып, құрметтейтін сыйлы мемлекет құруымыз қажет. Осы төрт талап орындалғанда ғана біз ойлаған мақсатымызға жетеміз», деді Н.Назарбаев.