«Ұлттық индустриялық рекорд - 11 триллион теңге!» -республикалық қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 21-і,  жұма  күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ұлттық индустриялық рекорд - 11 триллион теңге!» -республикалық қазақ басылымдарына шолу


Ел экономикасының келешегі ауыл шаруашылығында екені шүбәсіз. Сол себепті Мемлекет басшысы экономиканың осы саласына айрықша қолдау көрсетіп келеді.  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Ел берекесінің басты буыны» деген тақырыптағы мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола обылысына жұмыс сапарында жергілікті агроөнеркәсіп нысандарымен танысып, Астананың азық-түлік белдеуін жасау мәселесіне айрықша назар аударғаны баян етілген.

Ал осы басылымдағы «Сенімге селкеу түскен жоқ» деген атпен берілген мақала еліміздің 2009 жылдың бірінші жартыжылдығын сәтті қортындылағандығын алға тартады.

 «Жұмыс істейтін кісі істің шешімін, ал енжар адам сылтау іздейді» деген тақырыппен берілген тіл жанашыры Оразгүл Асанғазықызының  сұхбаты ел ордасын қазақыландыру төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етеді.

 ***
«Ораза арықтаудың айы емес, тазарудың айы, Алла разылығы үшін әр саналы адам отыз күн ораза ұстауы тиіс. Бұл - Алланың бұйрығы, адамзат баласына парыз етілген амал».

«Айқын» газеті  бүгінгі санындағы «Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!» атты  мақалада оразаның қадыр-қасиеті турасында ой тастайды.

 Елде жалпы дағдарысқа қарсы істеліп жатқан қарым-қарекет мен индустрияландыру жобаларының жүзеге асырылу барысын «Инвестициялық тартымдылық Елбасының беделі», «Өнеркәсіпте өрлеу нышандары бар», «Индустрияландыру көшбасшысы» - ол қай аймақ?», «Өндірістің өзегі - 92 ірі жоба» секілді тақырыптар арқылы тоғыстырып, орамды ойларды ортаға салған келесі мақала «Айқын» газетінде  «Ұлттық индустриялық рекорд - 11триллион теңге!» деген атпен берілген.

 «Сүйінші, жамағат! Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні еліміздің тарихында тұңғыш рет ислами ағартушылық бағыттағы  «Асыл арна» телеарнасы өз жұмысын бастамақ», -  деп сүйінші сұрай жазған аталған басылымдағы мақала жаңа телеарна ашылғандығын хабарлаған. Ол турасында «Уағыздалмасаң, уағыздаласың!» атты мақаладан оқуға болады.

 «Айқын» басылымының күнделікті «Ақ сөйле!» айдары «Әлеуметтік салада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдерімен ықпалдастық арта түсті» деген тақырыппен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовбен болған сұхбатын жариялады.

***

 «...Олардың қай- қайсысы да Сталиннің тоталитарлық, диктаторлық билігін айыптап, жартыкеш демократ болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, қазақ ұлтына қатысты саясатта бұлар Сталинмен рухтас екенін жасырмайды. «Ұлы орыс тілін ұмытпайық! Орыс мәдениеті үшін күресейік!» деп ұран салатын билікті «төрт аяғымен» қолдайды. Себебі олар қазақ тілі мен әдебиетінің, ділі мен дінінің болашағына сенбейді, өз келешегін ұлтпен байланыстырмайды», - деп ашына жазған «Жас Алаш» газетінің кешегі санындағы «Ұлтты сақтау күресі немесе төрт топқа бөлінген қазақ» атты мақала оқушыға түрлі ой салары анық.

 «Жас Алаш» газетінің осы санындағы «Өлтіріп алып, өкінгеннен не пайда!» деген мақала Қасиетті Түркістан топырағындағы қасіретті оқиға туралы баяндайды.