«Ұлттық инновациялық қоры» АҚ-ына технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасы аясында 113 өтініш түсті
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ-ына технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасы аясында 113 өтініш түсті,
деп хабарлады аталған қордың баспасөз қызметінен.
«Өткен жылы технологиялық бизнес-инкубациялауға бар-жоғы 105 өтініш түсіп, оның 30 жүзеге асырылуға мақұлданған болатын. Ал ағымдағы жылы 113 өтініш түсіп отыр», - деді «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ инновациялық инфрақұрылымдарды дамыту орталығының директоры Сергей Могильный.
Оның атап өтуінше, бағдарламаға қатысуға берілген өтініштер конкурстық негізде іріктелетін болады. Жобаларды іріктеу барысында ұсынылған шешімнің бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударылады.
2011 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жалпы 306 млн. теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы бөлінген қаржыдан 61 млн. теңгеге артық. «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ бизнес-инкубациялауға кемінде 40 инновациялық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарламаға Алматы, Қарағанды, Астана, Өскемен, Орал, Шымкеннт қалаларындағы технопарктер қатысады.