Ұлттық инженерлік академияда өткен сессия қатысушылары кезектен тыс президенттік сайлауды қолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясында кезекті сессия болып өтті. Сессия қатысушылары 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленген кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімін бірауыздан қолдады.

Ұлттық инженерлік академияда өткен сессия қатысушылары кезектен тыс президенттік сайлауды қолдады

Академия президенті Бақытжан Жұмағұлов өзінің сессияны ашар алғы сөзінде Мемлекет басшысының сайлауды өткізу жөніндегі Қазақстан халқына Үндеуінің мәніне кеңірек тоқталып өтті.

- Геосаяси қарама-қайшылықтар асқынып тұрған жағдайда қазақстандықтарды ұлттық қауіпсіздігіміз алаңдатады, халқымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатымыздың тұрақтылығын қолдайды, - деді ол өз сөзінде.

Сессия қатысушылары - ғалымдар, инженерлер, өндірістің белгілі мамандары, ірі компаниялар мен ұйымдардың жетекшілері өздерінің сөзінде бейбітшілік пен келісім - жалпыхалықтық басты жетістік екенін айтып, оны қорғап, күнделікті еңбегімізбен нығайтып отыруымыздың қажеттігіне баса назар аударды.

Елбасы айтқандай, «Бірлік және тұрақтылық - бұл біздің жауапты таңдауымыз! Бұл - Отанымыз дамуының басты формуласы». Сессия жұмысында ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру бойынша Уәлихан Бишімбаев, Ұзақбай Қарабалин, Асқар Құлыбаев, Нәдір Нәдіров сияқты ғалымдар шығып сөйлеп, өз ойларымен ортақтасты. Сессия жұмысының соңында профессор Тұрлыбек Ысқақовқа Ө.Жолдасбеков атындағы сыйлық, профессор Александр Трофимовке Ш.Шөкин атындағы сыйлық, жас ғалым Дильнара Закироваға Қ.Тұрысов атындағы сыйлық тапсырылды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.