Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке зейнетақы жинақтарын экономикаға тартуды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет пен Ұлттық банкке зейнетақы қорындағы қаражатты экономикаға тартуды ұсынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Тау-кен өндіруші және кен-металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кен-металлургия кешені комитетінің төрағасы Николай Радостовец мәлім етті.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке зейнетақы жинақтарын экономикаға тартуды ұсынады

«Маңызды мәселенің бірі - тау-кен саласына қаражат тарту. Қаражат қайда және оны қалай тарту керек? Мәселен, біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасында соңғы уақытта Ұлттық қор қаржысын алуға бола ма, болмай ма деген сұрақты белсенді талқылап жүрміз. Ал, зейнетақы жинақтау қорының қаражатын экономикаға пайдалану, пайдаланбау туралы пікірталастың өрбігеніне 15 жылға жуық болды. Шынымды айтайын, мен еңбек министрі болып тұрғанда осы мәселені көтергенбіз. Өкінішке қарай, бұл қаражат әзірше шет ел мемлекеттерінің міндеттемелеріне, басқа, қазақстандық емес компанияларға 6-7 пайызбен қызмет етіп жатыр», - деді Н. Радостовец.

Оның айтуынша, Ұлттық палата осы мәселені Үкіметтің, Ұлттық банктің алдына қойып келеді. Атап айтқанда, палата жыл соңына дейін зейнетақы жинақтаушы қорының қаражатын Қазақстан экономикасына тарту механизмін әзірлеу туралы ұсыныс жасап отыр. «Мен әбден сенімдімін, егер бұл қаражат банктердің, сақтандыру компанияларының кепілдігінде болып, қайтарымды жобаларға жұмсалса, одан экономика ұтады», - деген палата өкілі ондай жобалардың Қазақстанда жетерлік екенін тілге тиек етті.

Н.Радостовецтің айтуынша, Қазақстанда игеруге болатын кен орындары да баршылық. Осыған орай, Ұлттық палата өкілі: «неге біз сырттан қаражат тартып, өзіміздікін басқа біреуге беруге тиіспіз?» деген мәселе көтерді.

«Егер зейнетақы жинақтарын айналымға тарта алсақ, онда келешекте зейнетке шығатындар да ұтатынына сенемін. Бұның тиімділігі қазіргідей жылына 6 пайыз емес, одан айтарлықтай жоғары болушы еді. Қоғам осыны түсінуі керек: зейнетақы жинағын басқа біреуге пайдалануға берудің қажеті шамалы. Ақша ақшаны тартады, ал біздің жағдайымызда зейнетақы жинақтары жаңа жұмыс орындары мен жаңа салықтық түсімдерді толтыратын еді. Сондықтан да, біз зейнетақы жинақтарын бөтенге беріп, шетелдік құрылымдарға қызмет көрсету арқылы қателесіп отырмыз деп санаймыз», - деп түйіндеді ол.