Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестер нысанаға алуы мүмкін барлық объектілерді паспорттандыруды бастады

АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздегі лаңкестер нысанаға алуы мүмкін деп танылатын барлық объектілерді паспорттандыруды бастады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Шаяхметов мәлім етті,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестер нысанаға алуы мүмкін барлық объектілерді паспорттандыруды бастады

  деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Өткен жылдар ішінде Орталық Азия мен бұған шектесетін өңірлер қауіпті аймаққа айналды. Жақын көршілеріміз лаңкестік шабуылдардан тәжірибе де алуда. Ауғанстан мен Пәкістандағы жағдайлардың күрделенуі, Кавказ елдеріндегі оқиғалар Қазақстан ішіндегі террористік тәуекелдердің артуына себеп болуда. Оның үстіне террористердің халықаралық желісі және олардың базасы Қазақстан шекарасына жақындай түсті. Аса алаңдайтын тағы бір мәселе, дінге сенушілердің радикалдану үдерісінің туындауы себебінен бірқатар өңірлерде экстремистік жамағаттар анықталды. Қазақстан азаматтарын террористік іс-әрекеттерге тарту оқиғалары да белгілі болды. Осы фактілердің өзі терроризмге қарсы іс-қимылды жетілдіре түсуді талап етеді», деді Ә. Шаяхметов. 

 Оның айтуынша, бүгінгі күні республиканың барлық өңірінде лаңкестіктердің нысаны болуы мүмкін барлық объектілерді паспорттандыру шаралары қолға алына бастаған. Паспорттандырылатын бұндай нысандар тізіміне стратегиялық нысандар, мектептер, вокзалдар, сондай-ақ халық көп шоғырланатын басқа да орындар жатады. «Бұдан басқа ҰҚК-де 12 мемлекеттік органның бірегей мәліметтер банкі құрылады. Онда терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша ақпараттар жинақталып, өңделеді», деді комитет төрағасы.