Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында өзгерістер болмайды - ҰҚК төрағасы
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз жұмысын әдеттегі тәртіппен жүзеге асырады. Комитет құрамында айтарлықтай өзгерістер болмайды.
Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа тағайындалған төрағасы Әділ Шаяхметов журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол қазіргі таңда Парламент Сенатында терроризмге қарсы күреске бағытталған заң жобасының қаралып жатқандығын атап өтіп, осы құжаттың қабылдануына байланысты комитет жұмысының басым бағыттары анықталатындығын жеткізді. «Әрине, комитет қызметін жетілдіруді, оның қоғам алдындағы беделін арттыруды біз назардан тыс қалдырмаймыз. Соңғы уақытта ақпарат құралдарында комитет қызметіне қатысты біршама бұрмаланған деректер жарияланды. Осыған орай айтарым, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тек заң аясында ғана жұмыс істеп жатыр. Мен алдағы уақытта комитеттің ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін атап өткім келеді», деді Ә.Шаяхметов.