Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері тұтқынға алған қаржы полициясы қызметкерінің ісін прокуратура қарайтын болды

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері тұтқынға алған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қалалық департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің ісін енді прокуратура қарайтын болды.

Ұлттық қауіпсіздік  комитетінің өкілдері тұтқынға алған қаржы полициясы қызметкерінің ісін  прокуратура қарайтын болды

 Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық бирифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бұл оқиғаның мән-жайы бізге белгілі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қаржы полициясының қызметкерін тұтқындауға рұқсат алды. Ал қаржы полициясының өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің әрекеттерін заңсыз деп отыр. Осыған қарай және осы іске қатысты тексеру жұмыстарының барынша объективті болуын қамтамасыз ету мақсатында кеше ғана Бас прокурор аталмыш қылмыстық істі Бас прокуратураның арнайы прокурорына беру жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл істі арнайы прокурор жалғастырады», деді ресми өкіл.

 Оның  сөзіне қарағанда, тексеру жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де, қаржы полициясының да өкілдері  араласпайды. «Біз заңның орындалуын бақылаушы, сондай-ақ тексеру мен тергеу жұмыстарын жүргізуге құзырлы орган ретінде істің мән-жайын бүге-шігесіне дейін толық тексеретін боламыз. Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша қай органның әрекетінің заңды екені анықталады. Тексеру жұмыстарының барысы Бас прокурордың жеке бақылауында болады», деді Н.Сүйіндіков.