Ұлттық кеңес қазақстандық қоғамның демократиялық дамуға дайын екенін көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылатынын хабарлаған еді. Сөзсіз, кеңестің басты мақсаты – қоғамдық диалог үшін тиімді алаң құру болып саналады. Бұл өте қалыпты жағдай, өйткені бүгінде алуан түрлі мәселелер бойынша түрлі сұрақ бар. Адамдардың пікірі ресми ұстаныммен үнемі сәйкес келе бермейді», - деді Максим Споткай.

Сонымен бірге, ол кеңестің басты артықшылықтары туралы айтып берді.

«Қоғамдық кеңестің ең басты артықшылығы – өркениетті түрде мәміле жасай алуымыз болуы керек. Біздегі ахуал қоғамның өзгергенін, барлық адамдардың, оның ішінде биліктің өзгеріске дайын болуы қажеттігін көрсетті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазақстандық қоғамның алдағы демократиялық дамуға дайын екенін, бір-бірімен ашық сөйлесіп, мәміле жасай алатынын көрсетуі тиіс», - деді спикер.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президент 2019 жылдың 12 маусымында елордадағы ұлықтау рәсімінде мәлімдеген болатын.


Ұлттық кеңеске түрлі салада жұмыс істейтін, азаматтық белсенділік танытқан 41 адам мүше атанды.


Соңғы жаңалықтар