Ұлттық кеңестің әрекетке қабілетті механизмге айналғанын қаламайтындар бар - Дәурен Абаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық коалициясы жұмысын неге тоқтатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Дәурен Абаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы жайлы тараған алыпқашпа ақпараттарға түсінік берді.
«Бұл жолғы отырыс расымен де процедуралық мәселелер қаралған дайындық отырысы еді. Ұлттық қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтеді. Сол кеңеске Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысады. Қырағы сарапшылар өткен аптада «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық коалициясы жұмысын тоқтатқанын байқаған болар. Құрамында үш парламенттік партия бар, бес партияны біріктірген коалиция мүшелерінің өздері осындай шешім қабылдап, эстафетаны Ұлттық кеңеске берді. Меніңше, осының өзі көп нәрсені аңғартады. Біздің елде Ұлттық кеңес әрекетке қабілетті механизмге айналғанын аса қаламайтын адамдар мен күштер бар болуы мүмкін. Мен оны түсінемін. Мұндай жағдайда билік қоғамның барлық қатарымен диалогқа баруға дайын екенін көрсетеді деп ойлаймын. Оларды тыңдап, бірлесіп әрекет етуге билік дайын, - деді Дәурен Абаев.
Еске салсақ, «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Дәурен Абаев әлеуметтік желіде қызу талқыланған «екі сиыр» дауына қатысты пікір білдірді.