Ұлттық киімдеріміз өзгеше даралығымен және жарасымды сән-салтанатымен ерекше

None
None
Астана. ҚазАқпарат - Қазақ халқының ұлттық болмысы өзіне тән оқшау қалыппен сақталып, өзге ұлттардан дараланып тұратындығымен ерекше. Сол қатарда халқымыздың бай тарихи дәстүрге ие ұлттық киім-кешек мәдениетін де атауға болады. Ұлттық киімдеріміз басқа халықтардың киімдеріне ұқсай бермейтін өзгеше даралығы және жарасымды сән-салтанатымен бағалы.

Археологиялық деректер арқылы айғақталған мәліметтерде Қазақ жерінде мекендеген ұлыстардың дәулетті, текті адамдары киімдерін жібек, жүн маталардан тіктірсе, ал, қарапайым қалың жұрт киім-кешегін қылшықты жүн маталардан, былғары мен қой терілерінен тіктіріп киген екен.

Қазақтар киімді солға қарай қаусырады. Бұл сақ тайпаларының киімдерінде, орта ғасырлардағы түріктерде кездесетін ерекшелік. Түркі қағанаты тұсында Үндістаннан мақта маталар, маржан тастар, Қытайдан жібек, Византиядан қымбат барқыт, алтындап тоқыған парша маталар сатып алып, көркем киім-кешектерге пайдаланған. Қаған ордасында болған Қытай монахы Сюань Цзянь бұл жөнінде кезінде былай деп жазды: «Қаған жасыл жібектен желбегей шапан киген, оның жанында жүрген нөкерлері де қамқадан желбегей шапандар жамылған, қандай тамаша көрініс». (Мақсұтбек Сүлейменнің деректі жазбасынан)

Қазақ халқы өткен замандарда күнделікті өмірдегі киім-кешегіне сырттан әкелінетін маталарды қолданудан бөлек, қолда бар жүн мен теріні мәнерлеп пайдаланған. Малдың жүні мен түбітін мәнерлеп пайдалану қазақ әйелдерінің отбасындағы негізгі қолөнер кәсібі болды. Ал мал терілері мен түрлі аң терілерінен тері киімдер және теріден жасалған аяқкиімдер тіккен. Халық өзі өмір кешкен тіршілік ортасына бейімдеп, ішкі-сыртқы киімдерін көшіп-қонуға, еркін жүріп-тұруға, ауа райының барлық жағдайларына қолайлы етіп жасап отырған.

Ұлттық киімдеріміз пайдалану, жасалу ерекшеліктеріне қарай әртүрлі атаулармен аталады. Сонымен бірге үш жүздің, оның руларының аттарымен де жеке бөлініп айтылады. Олар: қыпшақ тымақ, арғын тымақ, найман тымақ, адай бөрік, қызай бөрік т.б киім-кешектер. Сондай-ақ, ұлттық киімдеріміз жасалған географиялық аймағына қарай да ерекше мәнер үлгісіне бөленген. Олардың кейбірін Жетісу үлгісі, Арқаның үлгісі деп бөліп жатады. Қазақтың ұлттық киім үлгілеріне көршілес орыс, тәжік, қырғыз, түркімен халықтарының киім тігу мәнерінің де тигізген ықпалы мол.

Әлеуметтік дәрежесіне қарай: би, бақсы, бай, сал-серілердің киімдері (жарғақ, шалбар, мауыты, шәйі көйлек т.с.с.), қойшы киімдері (шекпен, кебенек, сырттық, күләпара), балуан, батыр киімдері. Жас ерекшеліктеріне қарай: бала киімі, бозбала киімі, бойжеткен киімі, қалыңдық, жас жігіт, келіншек, бәйбіше киімі, ақсақал киімдері. Жасы ұлғайған адамның киімдері денеге қонымды, кең, мол пішілген, әшекейі, жалтырауығы аз, қарапайым болуға тиісті. Жөн-жоралғыға сәйкес: Күйеу киімі. Ол көбінесе, ұзын төбе тымақ, қызыл манат шапан болып келеді.

Төменде Сұлтанқан Сағатжанұлының «Қазақтың қолөнер мәдениеті» атты еңбегінде жазылған көне киім атауларының бірнешеуін ұсынамыз.

Бөрік - қазақ қыздарының ертеден келе жатқан ұлттық бас киімі. Ол қыстық және жаздық болып екіге бөлінеді. Қалыңдау, қымбат бағалы матамен тысталып,әртүрлі сирек кезігетін аң терілерімен бүрмеленеді. Пайдаланылған аң терісіне қарай отырып, оны құндыз бөрік, кәмшат бөрік, сусары бөрік және оқалы бөрік деп атайды. Оқалы бөрік құндызбен жиектеліп, қызыл немесе көк масатымен тысталады. Алтын, күміс жіптермен безендіріледі.

Жеңсе - қазақ халқының ат үстінен суықтан қорғану үшін, жеңінің ішін жел кеулемеу үшін киіп алатын қосалқы киімдердің бір түрі. Ол терінің жүнін ішіне қаратып, сыртын тыстап та, ішіне жүн салып, сырылып та тігіледі.

Тайжақы - қазақ халқының ежелгі сыртқы киімі. Оны шымқай қараторы құлын терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Тайжақының етек жағына құлынның пұшпақ терісін ұзынынан құрап жалғайды. Артқы бойының ортасына құлынның жалын келтіріп тігеді. Ол қайырма жағалы, сырма астарлы болып, өте әдемі келеді. Адамға көрік береді.

Тон - жүн жағы ішіне қаратылып, қой терісінен тігілген қыстық жылы киім. Ол қызыл, қоңыр, сары түсті өсімдік бояуымен боялады немесе боялмай ақ күйінде мол пішіліп тігіледі. Екі өңірі, жеңінің ұшы, етегі түсті матамен немесе елтірімен көмкеріледі. Жастарға арналған тон кестеленеді. Ауқатты адамдар қамқа тон киген. Сондай-ақ, тон түрлі бағалы аң терілерінен де тігіледі.

Қырмызы тон - қыз-келіншектерге арналған, қызыл масатыдан тігілген қаптал шапан. Оның жаға-жеңіне құндыз ұстап,екі үңірі мен жеңін алтын немесе күміс зермен кестелейді.

Тымақ - тымақ малдың немесе аңның терісінен тігіледі. Тігілген терге байланысты сеңсең тымақ, елтірі тымақ, түлкі тымақ, құндыз тымақ т.б деп аталады.

Шалбар - шалбар еркектердің сырт киімі. Дәстүрлі қазақ қоғамында шалбар қалтасыз әрі кең етіп тігілген. Ол тұрмысқа (мініске, малдас құрып отыруға, тағы басқа) қолайлы болу үшін жасалынған. Шалбарды жаздық және қыстық деп екіге бөледі. Жаздық шалбарға матадан тігілген сырма шалбар мен жарғақ шалбар жатады. Түгі қырылып иленген мал терісін қына, тал қабығы, жосамен бояп, алды мен балақ жағын түрлі жібек жіптермен айшықталған жарғақ шалбарды байлар, жас жігіттер сәндікке киген. Қазақ шеберлері шалбарды неше түрлі жібек жіптермен өрнектеп кестеледі, балақ аузын жұрындап, әдіптеп, түсті матамен балақтаған, сондай-ақ терісі бағалы аң терілерімен жұрындаған. Қарт адамдар көбіне балағы жырық кең шалбар киіп жүрген.

Шекпен - пішімі шапанға ұқсас, түйе, қой жүнінен тоқылатын сырт киім. шекпеннен суда, жел де өтпейді, керісінше су тиген сайын ширығып, нығыздала түседі.

Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар
telegram