Ұлттық комиссия «25 игі іс» аясында 400-ден астам қайырымдылық шарасын ұйымдастырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия «25 игі іс» атты акцияның басталғанын мәлімдеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған акция аясында 400-ден астам қайырымдылық шарасы қамтылмақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева мәлім етті.
«Бүгіннен бастап ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 игі іс» акциясының басталғанын жариялайды. Айтулы акция азаматтық секторды немесе мемлекеттік құрылымдарды ғана қамтып қоймай, ауқымын кеңейту үшін біз бұған барша жұртшылықты тартатын боламыз. «25 игі іс» еліміздің барлық өңірлерін қамтып, оның аясында 400-ден астам қайырымдық шарасы өтеді. Әрине, басым бөлігі әйелдердің күшімен өтпек», - деді Р. Сәрсембаева.
Оның айтуынша, акцияның негізгі өзегі қайырымдылық шараларына негізделеді. Мәселен, республикалық деңгейде өтетін акцияның бірі аз қамтылған отбасылардағы классикалық ота жасауды қажет ететін балаларға көмектесу. «Екіншіден, біз әке институтын көтеруге назар аударамыз. Бұл да ұлттық комиссияның отбасы-демографиялық саясатының бір бағыты. Осыған орай, отбасы тәрбиесіндегі әкелердің рөлін көтеру үшін әкелердің республикалық слетын өткізу жоспарланады», - деді ол.