Ұлттық комиссия қазақстандықтарға ұнды мұқият таңдауға кеңес берді
АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ел халқына дәрумендермен байытылған ұнды сатып алуға кеңес берді.
Осындай өнімдерге ұн тартатын кәсіпорындар арнайы таңба басады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде халық денсаулығы туралы Кодекс бар, онда ұнды фортификациялау (байыту) міндеттелген. Алайда жүргізілген мониторинг мәліметінше, қазақстандық нарыққа түсетін ұнның тек 40 пайызы фортификацияланған. Заң нормасында ішкі нарықтағы бірінші және жоғары сұрыпты барлық ұн дәрумендермен міндетті байытылуға тиісті екені бекітілген»,-деп атап өтті Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко аталған комиссия отырысы алдында.
Оның сөзіне қарағанда, ұн өнімдері қазақстандықтардың дастарханына күнделікті қойылатынын ескере отырып, оны байытуға теміртапшылықты анемияға қатысты жағдай байланысты болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі мен ғалымдардың мәліметінше, бес жасқа дейінгі балалардың 35 пайызға жуығы, репродуктивті жастағы әйелдердің 30 пайызы және ерлердің 25 пайызы анемияға шалдыққан.
Қазақ тағамтану академиясы жүргізген талдауға қарағанда, нарыққа жеткізілетін нан-тоқаш және макарон өнімдерінің тек 3 пайызы фортификацияланған.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, анемияға адамдардың 40 пайызы шалдықса, онда аурудың артуы тәуекелін азайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап көрсетілген. Бұл әсіресе репродуктивті жастағы әйелдерге қатысты болып отыр, себебі ауру кейіннен балаға беріледі»,-деді Тарасенко.
Сондықтан осы мәселелерді ескере отырып, Үкімет алдында ұнды фортификациялауды қадағалау қажеттігі мен заң нормаларын орындау мақсаты қойылып отыр.