Ұлттық комиссия отырысында балалар суицидының алдын алу мәселелері талқыланды

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы болып өтті.

Ұлттық комиссия отырысында балалар суицидының алдын алу  мәселелері талқыланды

Онда Білім және ғылым министрлігінің оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі атқарылған шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында мамандандырылған отбасы мен балаларды әлеуметтік қамсыздандыру институттарын, отбасыларына дағдарыстан шығу жөніндегі мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек қызметтерін дамыту туралы мәселе қаралды.

Мамандардың айтуынша, суицидтық ауытқушылық мектеп оқушылары арасында негізінен 9 жастан кейін байқалады. Бұл елеулі психикалық ауру мен реактивті күйзеліске сирек байланысты. Сарапшылардың мәліметтері бойынша кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсауының 80 пайызы отбасылық жанжалдардан, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерден, ересектер тарапынан зорлық-зомбылықтан қорқу, жекелеген педагогтардың жөнсіз мінез-құлқына, айналасындағылардың мейірімсіздігінен туындап жатады.

Осы мәселе бойынша мемлекеттік органдарды үйлестіру мақсатында Білім және ғылым министрлігі Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Байланыс және ақпарат, Мәдениет, Туризм және спорт министрліктерімен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасындағы суицидалдық мінез-құлықтың профилактикасы жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген болатын. Бұл ретте министрліктің мәліметтеріне қарағанда, мектеп психологтарына, әлеуметтік қызметкерлер мен педагогтарға арналған психологиялық тренингтер өткізу жөніндегі ұсынымдар дайындалған. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, бүгінгі күні мектептік білім беру жүйесінде 290 мыңдай педагог кадр жұмыс істейді. Оның 123 мыңы сынып жетекшілері болып табылады. Мектептердегі тәрбие жұмысын 8 мыңдай директорлардың орынбасарлары, 3 мыңнан астам әлеуметтік педагог, 1,5 мыңнан артық полицияның мектеп инспекторлары үйлестіреді. Мектеп педагогтарының саны 8 мыңдай адамды құрайды. Алайда бұл аз. Психологтарға деген қажеттілік қазіргі кезде 1 мыңнан астам адамды құрайды.

Сонымен қатар, Ұлттық комиссия отырысында психологтардың барлығы бірдей кәмелетке толмағандардың суицидтық мінез-құлықтарының алдын алуға жеткілікті дайындалмағанын атап өтті. Мәселен, 7990 психологтың тек 66 пайызында базалық психолог білімі болса, 43 пайызының жұмыс өтілі үш жылдан аз.