Ұлттық комиссия сарапшылары әйелдер жұмыссыздығымен күресудің нақты шараларын ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында әйелдер жұмыссыздығын төмендету жөніндегі шаралар мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әйелдер жұмыссыздығы проблемасы – қоғамның әлеуметтік дамуының ең сезімтал көрсеткіші. Мәселені шешу профилактикалық шаралар кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеуді, сондай-ақ жұмыспен қамтуға бағытталған уәкілетті органдардың іс-әрекеттеріндегі проблемаларды анықтауды және шешуді талап етеді», - деп атап өтті отырысты ашқан Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.

Ұлттық комиссияның сараптамалық тобы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты еңсеру бойынша нақты алдын алу шараларын қабылдау үшін, ең алдымен салалар мен өңірлер бөлінісінде гендерлік алшақтықты (әйелдер атқаратын жұмыс орындарының үлесі) талдау қажет деген қорытындыға келді.
ЖОО мен ТжКБ түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша деректер, гендерлік аспект пен өңірлер бөлінісінде NEET санатындағы жастар бойынша көрсеткіштер әйелдер жұмыссыздығына қарсы күрес саласында тәуекелдердің алдын алу бойынша уақтылы және нақты алдын алу шараларын қабылдауға ықпал етеді.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес мемлекет кемсітушіліктің кез келген түрінен қорғауға және кәсіп пен жұмыс алу мүмкіндіктерінің теңдігіне, жұмыспен қамту және еңбек жағдайларын таңдауға негізделген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті әйелдерді жұмыспен қамтудың қазіргі жағдайы туралы баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамту «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде іске асырылады.
Алайда, мемлекет қабылдайтын шаралардың кең ауқымына қарамастан, Қазақстанда әйелдер жұмыссыздығының деңгейі жоғары болып қалып отыр. Мәселен, 2022 жылғы 4 тоқсанның қорытындысы бойынша 5,5% (ҚР бойынша – 4,8%) болды. Әйелдер жұмыссыздығының ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында – 7,0%, Абай облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7%, Жетісу облысында – 6,5%.
Ұлттық комиссия сарапшылары әйелдердің жұмыспен қамтылуын бағалау үшін динамикадағы көрсеткіштердің тізбесін дайындады, олар өңірлер бөлінісінде әйелдер жұмыссыздығының жалпы көрінісін көруге көмектеседі және әйелдерді жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Ұлттық комиссия әйелдердің табысы мен жұмыссыздығы бойынша гендерлік алшақтықты зерделеп, Astana hab-пен бірлесіп әйелдерге фрилансерлік платформаларда ақша табуға көмектесетін бағдарламаны іске қосуды ұсынады. Бұл бастама әйелдерге икемді табыс көзін қамтамасыз етуге және олардың қаржылық тәуелсіздігін ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны Ұлттық комиссия мүшесі, Astana Hub халықаралық технопаркінің басқарушы директоры А. Әбдірахманова таныстырды.
Ұлттық комиссияның отырысына сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы А. Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.


