Ұлттық комиссия үмітті ақтайды
«Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру, елдің одан әрі қарышты мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемін: 1. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылсын. 2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі»,- делінген Ақорданың ресми сайтында жарияланған құжатта.
Президент жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы болып ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков бекітілді. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин мен ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов төрағаның орынбасарлары, Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева хатшысы болып сайланды.
Комиссия мүшелерінің қатарында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Білім және ғылым министір Ерлан Сағадиев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері, Парламент депутаттары, саяси партиялардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.
Бұған дейін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, Қазақстан басшысы қоғамдық сананы қалай өзгерту қажеттігі туралы өзінің орамды ойларымен бөліскен болатын. Еліміздегі және шетелдердегі сарапшылар, зиялы қауым өкілдері Елбасының мақаласына қатысты ашық пікір білдірді. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Елбасының бұл мақаласы қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы - үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат. Бұл мақаласында Елбасы қазақ халқы әрі қарай қалай дамиды, қоғам қалай ілгерілеу керек деген мәселелерді тұжырымдамасын жасады. Соның ішінде ең күрделі мәселенің бірі - латын қарпіне көшуді Елбасы бұрын да айтқан. Бұл бүкіл қазақ зиялыларын қуантқан жаңалық болды»,- деді Мырзатай Жолдасбеков Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде. Оның пікірінше, біздің қазір латын қарпіне көшуге толық мүмкіндігіміз бар. «Өркениетттің көшінен қалмауымыз керек. Бұрын латынға қалай көшеміз деп уайымдайтын едік. Қазір ондай уайым жоқ. Балабақшадан бастап мектеп оқушыларына дейін бәрі латынша біледі, олар ағылшын тілін өз еріктерімен үйреніп жатыр. Демек латын қарпіне көшетін кезіміз келді»,- деді ол.