14:40, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ұлттық компаниялар отандық қызмет пен тауарларды сатып алуға кемінде 700 миллиард теңге жұмсамақ
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ отандық өндірісшілердің тауар және қызмет көрсету түрлерін сатып алу шаралары жөнінде алматылық кәсіпкерлермен алқалы басқосуы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл шара Елбасының өндірісшілердің қызмет пен тауар түрлерін сатып алу кезінде отандық кәсіпорындардың өнімін пайдалану туралы тапсырмасы бойынша өтіп отыр. Әрине барлығын түгел өзімізден алуға болады деп айтуға болмайды. Біріншіден, кейбір өнімдер бізде жоқ. Екіншіден, шығаратын өнімдердің сапасы төмендеу. Сондықтан біз сапа жағынан да, баға жағынан да егер де ол шетелдіктен төмен болмаса ғана отандық тауар өндірушілерді қолдауымыз керек», - дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен жасалған келісім-шарт бойынша ұлттық компаниялар отандық өндірісшілерден қызмет пен тауар сатып алуға кемінде 600-700 миллиард теңге жұмсамақ.