Ұлттық компаниялардың валюталық операциялары теңге бағамын ұстап тұруға септігін тигізеді - Ө. Шөкеев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық компаниялардың валюталық операциялары теңге бағамын ұстап тұруға септігін тигізеді. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық валютаны қолдауға назар аударып, соның ішінде компанияларға қатысты арнайы тапсырмалар жүктеген.
«Ұлттық валютаны қолдау мәселесіне келсек, біз әлеуметтік корпоративтік стандарт қабылдап, ол бойынша барлық еншілес компанияларға валюталық нарықта операциялар жүргізуге тыйым салынды. Яғни, өндірістік қажеттілік болмаса ондай операциялар жүргізілмейді. Бұл ретте еншілес компаниялар бізге, «Самұрық-Қазынаға» валютаның өздеріне аса қажетті екенін дәлелдеуі керек. Дегенмен, тұтастай алғанда біздің ұлттық компаниялар валюталық немесе қаржылық заңнаманы бұзып отыр деп айта алмаймын. Бұл ретте біз 2010 жылдан бергі ұлттық компаниялардың валюталық операцияларына талдау жасадық, ол бойынша біздің компаниялардың шамамен 40 пайызы өздерінің депозиттерін валютада сақтап келеді, сақтап та отыр. Бұл белгілі бір борыштарды өтеудің қажеттілігімен, инвестициялық жобаларды атқару жұмысымен түсіндіріледі», - деді Ө. Шөкеев.
Оның айтуынша, тұтастай алғанда валюталық операциялар Қордың еншілес компанияларының операциялық қызметіне жатады әрі Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» бұған дейін бұл шараға араласпай келген. Тек бақылау жүргізілуде.
«Осы бақылауға сүйенер болсақ, Қорға қарасты компаниялар 2014 жылы валюталық нарықта 9,2 млрд доллар сатса, өндірістік мақсатта 5,7 млрд доллар сатып алған. Яғни, сатып алуға қарағанда сату көп. Яғни, компаниялар теңге бағамының орнықтылығына қолдау жасады», - деді Ө. Шөкеев.