Ұлттық қор қаражаты инвестициялық кірісті қоспағанда 10062,8 млрд. теңгені құрады - Б. Жәмішев
АСТАНА 8 ақпан. ҚазАқпарат - Ұлттық қор қаражаты 10062,8 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өтіп жатқан Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Болат Жәмішев мәлім етті.
«2012 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың қаражаты инвестициялық кірісті қоспағанда 10062,8 млрд. теңгені құрады»,-деді министр.
Б. Жәмішевтің атап өтуінше, 2012 жылы бюджетке қосылған құн салығы бойынша 914,4 млрд. теңге немесе жоспардың 103,1 пайызы түскен. Егер, бюджет нақтыланбаған жағдайда қосылған құн салығының орындалуы 91 пайызды құрар еді.
Сондай-ақ Кеден одағы елдерімен импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар 101,3 пайызға орындалды. Ал, жеке табыс салығы бойынша - 106, әлеуметтік салық бойынша 104,7 пайызға орындалған.
«2011 жылмен салыстырғанда бюджет түсімдері сәйкесінше 62,3 млрд. және 44,4 млрд. теңгеге ұлғайды. Бұл жұмыспен қамту саласындағы оң үрдісті көрсетіп отыр»,-деді Б. Жәмішев.