Ұлттық қордан әр балаға аударылған қаражатқа салық салынбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын қаңтарда жеткіншектердің шотына қаражат аударылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қордан әр балаға аударылған қаражатқа салық салынбайды

«Бала өмірге келген кезде шоттар Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқорының ақпараты негізінде автоматты түрде ашылады. Жыл сайын 1 қаңтарда бала 18 жасқа толғанға дейін шоттарға қаражатты шартты түрде есептеу жүргізілетін болады. Қаражатты мақсатты пайдалану үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті операторлар анықталады. Бұл тұрғыда «Отбасы банк» АҚ, «Қаржы орталығы» АҚ, екінші деңгейдегі банктер қамтылады», - деді Д. Темірбеков Сенат депутаттарымен кездесу кезінде.

Оның айтуынша, шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғандар ғана пайдалана алады.

«Жобаға Қазақстан Республикасының азаматы саналатын балалар қатысады. Сондай-ақ, бұл шот қаражатын салық салудан босату ұсынылды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында аударылатын қаражат туралы айтты.