Ұлттық қордан бала шотына аударылатын ақшаның бірыңғай операторы белгіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры Ұлттық қордан бала шотына аударылатын ақшаның бірыңғай операторы болып белгіленді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық қор – балалар үшін» бастамасын 2024 жылдан бастап іске қосу тәсілдері әзірленуде. 18 жасқа дейінгі барлық балаларға жеке жинақтаушы шоттар ашылады, оларға жыл сайын қаражат түсетін болады. Шот операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» анықталды.
Жинақталған қаражат кәмелетке толған кезде ғана пайдалануға қолжетімді болады.
Келесі жылы жобаны іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдау жоспарлануда.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Оны 2023 жылғы наурыздың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру және олар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру. Бұл үшін институционалдық қамтамасыз етуді дамыту арқылы ауылдық саясат тәсілдерінің тиімділігі арттырылады.
Қазіргі уақытта Тұжырымдаманың жұмыс жобасы жергілікті атқарушы органдармен талқылануда», - деді бірінші вице-министр.
Оның айтуныша, Кәсіпкерлік кодекске инвестициялар туралы келісім жасасу процесін жеңілдету үшін түзетулер әзірленді.
«Тиісті Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Атап айтқанда, басым қызмет түрлерінің тізбесінен тыйым салынған тізімге көшу арқылы инвестициялар туралы келісімдердің қолдану аясы кеңейтіледі.
Инвесторлардың шығындарын азайту және инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдету үшін «ready-built factory» типі бойынша дайын өндірістік алаңдарды ұсыну бағытында жұмыс жүргізілуде», - деді Тимур Жақсылықов.