Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі – Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі – Әлихан Смайылов

«Мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру мақсатында арнайы Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданады. Ол бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтиды. Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі», - деді бірінші вице-премьер.

Осы ретте ол тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету; борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу; барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін келесі шараларды айқындау ұсынылғанын айтты.

«Бюджет кірістерін ұлғайту бөлігінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Жоспарда бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандыруға, салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күресті күшейтуге бағытталған іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ, артық тосқауылдарды алып тастау және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілуде», - деді Әлихан Смайылов.