15:39, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ұлттық қордан құрылыс секторындағы проблемаларды шешуге бағытталған 3 млрд. доллардың жартысынан көбі Астанаға бағытталады - И. Тасмағамбетов
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономиканы тұрақтандыру бағдарламасы аясында Ұлттық қордан жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге және үлестік құрылыс нысандарын аяқтауға бөлінген 3 млрд. доллар қаржының тең жарымынан астамын, шамамен 1,8 млрд. долларын Астана қаласына бағыттау көзделіп отыр.
Бұл туралы бүгін елордада Астана әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры және «Атамекен одағы» арасында дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды көздейтін тиісті меморандумға қол қойылғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2008 жылы елорданың құрылысында қордаланған проблемаларды шешу үшін жалпы жиынтығы - 107 млрд. теңге бөлінген. Соның есебінен 99 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда Астанада құрылысы бітпеген 128 тұрғын үй кешені қалып отыр. Олардағы үлескерлердің саны да әралуан. «Былтыр елордадағы 12 мың үлескер пәтерлеріне ие болды. Қазіргі таңда 23 мың үлескердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Қабылданып жатқан шаралар құрылыс нарығындағы жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, саладағы проблемалардың 80 пайызын биыл, ал қалғанын 2010 жылдың ортасына дейін шешуге мүмкіндік беретініне терең сенімдімін», деді И. Тасмағамбетов.