10:43, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» қорына берілген 1 трл. 80 млрд. теңгенің 716 млрд. теңгесі банктерге аударылды ? Қ. Келімбетов
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгінгі күнде Ұлттық қордан «Самұрық -Қазына» қорына берілген 1 триллион 80 млрд. теңгенің 716 млрд. теңгесі дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында экономиканың нақты секторларын қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге аударылды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Самұрық -Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қаржы жүйесін тұрақтандыру үшін жүйе құрушы 4 банкке жалпы сомасы 476 млрд. теңге қаржы берілген. БТА банк - 212 млрд. теңге, Қазкоммербанк ? 120 млрд. теңге, Халық банкі ? 120 млрд. теңге, Альянс банкі 24 млрд. теңге алған. Қ. Келімбетовтің айтуынша, қалған 372 млрд. теңгенің 240 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысын аяқтауға және жаңа ипотеканы ұсынуға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік қоры арқылы тұрғын үй сатып алуға жұмсалатын болады. 120 млрд. теңге инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға сақталып қойды. «Бұл қаржылар банктердің құрылыс ұйымдарының, ұлттық компаниялардың дайындықтарының шегіне қарай жұмсалатын болады», деді ол.