Ұлттық қордан тәуелділік төмендейді – Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің салық кірістері 29%-ға өсетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы экономикасының даму болжамы жаһандық факторлар мен ішкі ахуалды ескере отырып, қалыптастырылды. 2022-2026 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамға сәйкес, еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсу қарқыны 4,8 пайызды құрайды. Бюджет жобасында кірістердің өсуі экономика өсімінен озық қарқынмен жоспарланды. Мысалы, жалпы ішкі өнім 2022 жылы номиналды түрде 8,4%-ға өссе, республикалық бюджеттің салық кірістері 29%-ға өсетін болады. Бұл орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.

Нәтижесінде, Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемі 2022 жылы 1,6 трлн теңгеге, 2023 жылы 350 млрд теңгеге, 2024 жылы 200 млрд теңгеге азайтыла отырып, тартылатын болады.

«Бюджет жобасы теңгерімделген және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген жалпыұлттық басымдықтар мен міндеттерге сәйкес келеді. Барлық әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалатын болады. Бұл ретте бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасының орта мерзімді кезеңдегі даму перспективалары ұлттық экономиканы нығайтуға, бәсекелестікті дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар