Ұлттық қордың жинақтау функциясына үлкен маңыз беріледі - Экономикалық даму және сауда министрі

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңа тұжырымдамаға сәйкес Ұлттық қордың жинақтау функциясына үлкен маңыз беріледі. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті,

Ұлттық қордың жинақтау функциясына үлкен маңыз беріледі - Экономикалық даму және сауда министрі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрынғы тәртіп бойынша Ұлттық қорда жинақталған қаржының үштен бір бөлігін кепілдендіріген трансферт арқылы беруге болатын еді. Ал қазіргі жаңа тұжырымдама бойынша бұл үштен бір бөліктің орнына абсолюттік мәндегі 8 млрд. доллар кепілдендірілген трансферт арқылы берілетін болады. Бұл жаңа бастаманың негізгі мақсаты Ұлттық қордың жинақтау функциясын одан әрі дамыту болып табылады. Жалпы, Ұлттық қордың екі функциясы бар, оның бірі - тұрақтандыру функциясы болса, екіншісі жинақтау функциясы. Ал жаңа тұжырымдама бойынша Ұлттық қордың жинақтау функциясына үлкен маңыз берілетін болады», деді Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.

Министрдің айтуынша, жаңа тұжырымдамаға сәйкес Ұлттық қордан жыл сайын 8 млрд. доллар шамасында кепілдендірілген трансферт берілгеніне қарамастан, Қордың өзінде 20 пайыздық қаражат қалып отыруы тиіс. Яғни, Ұлттық қордағы 20 пайыз деңгейіндегі қаражат жұмсалуға жатпайды. Бұл жинақтау функциясының негізгі басымдығы болып табылады.