Ұлттық қорғаныс университетінің 100-ден аса магистранты ҚР ҚК мен ҰҚШҰ құрамын толықтырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылық етуімен Елбасы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің салтанатты шығарылымы өтті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 100-ден аса магистрант Қазақстан Қарулы Күштерінің және ҰҚШҰ қатысушы мемлекеттерінің офицерлер корпусы қатарын толықтырды. Қазіргі уақытта Ұлттық қорғаныс университеті ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп дайындау жөнінде оқу орындарының тізбесіне енгізілді және бүгінде түлектер арасында Армения Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасының өкілдері бар.
«Әскери кадрларды даярлау - ерекше мемлекеттік маңызды іс. Сондықтан Сіздер, яғни, Ұлттық қорғаныс университетінің түлектері заман талабына сай, әскери қызметтің барлық салаларында бағыт-бағдарларыңыз бар үздік маман атануға тиіссіздер. Университет қабырғасында әртүрлі ауқымдағы операцияларды сәтті жоспарлауға, бірлестіктерді, құрамалар мен әскери бөлімдерді мықты басқаруға мүмкіндік беретін терең білім алдыңыздар», - деп атап өтті әскери ведомство басшысы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.
Қазіргі уақытта Елбасы - ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстанның әскери білім беру ісінде көшбасшы бола отырып, тыңдаушылар мен оқытушылардың ұтқырлығын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі барлық деңгейлер мен дәрежелер сабақтастығын қамтамасыз ету жөнінде білім бағдарламаларын жүзеге асыруда озық оқыту әдістерін қолданады.