Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатында жетісулықтар биыл да көшбасшылықты ешкімге берер емес

Алғашқы 4 күнгі ойын қорытындысы бойынша жеңіліссіз келе жатқан Алматы облысының «Жетісу» командасы көшбастауда. Олар «Қарағанды» (Қарағанды облысы) мен «Астана» (Астана қаласы) командаларын 3:0, ал Павлодар облысының «Ертіс-Қазхром» командасын 3:1 есебімен ұтты. 2010/2011 жылғы маусымның ақтық сынында өнер көрсеткен басты қарсыластарын түгел ұтқан жетісулықтар жаңа маусымда да өздерінің чемпиондық атағын сақтап қалуға мүмкіндігі бар екенін толық дәлелдей алды. Бүгін олар өткен чемпионатта үздік бестікті түйіндеген «Алматы» (Алматы қаласы) волейболшыларымен өз шеберлігін сынайды. Ал 27-28 күндері Теміртаудың «Металлург АМТ» мен Өскеменнің «Шығыс-Қорғасын Құрылыс» командаларымен кездеседі.
Кеше павлодарлықтар қарағандылықтарды 3:0 есебімен ұтса, өскемендіктер алматылықтармен (3:2) ұпай бөліскен болатын. Бүгін енді павлодарлықтар астаналық, теміртаулықтар өскемендік волейболшылармен күш сынасады.