Ұлттық лигадағы ел чемпионатының 3-ші турында да «жетісулық» қыздар қарсылас шақ келтірмеді

АЛМАТЫ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Щучинск қаласында 25-29 қаңтар күндері волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 3-ші туры өтті.

Ұлттық лигадағы ел чемпионатының 3-ші турында да «жетісулық» қыздар қарсылас шақ келтірмеді

Онда Талдықорғанның «Жетісу» командасы 4 кездесуде де жеңіске жетіп, мүмкін болған ең жоғарғы 12 ұпайдың 10-ын өз қоржынына салды. Ал «астаналықтар» - 7, павлодарлықтар («Ертіс-Қазхром») - 6, «алматылықтар» - 4, «қарағандылықтар» - 3 ұпайды қанағат тұтты. Соның нәтижесінде 3 турдың қорытындысы бойынша 12 ойыннан кейін 33 ұпай жинап, көшбасшылық тізгінді өз қолына берік ұстаған «Жетісу» өзгелерден айтарлықтай ұзап кетті. Олардан 11 ұпайы кем «Астана» екінші орында келе жатыр. Одан кейінгі орындарды 15 ұпаймен «Ертіс-Қазхром», 11 ұпаймен «Қарағанды», 9 ұпаймен «Алматы» өзара бөлісуде.

ҚР Волейбол федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын талдықорғандықтардың бұл ел чемпионатындағы жеңіліссіз өткізген 66-шы ойыны. Олардың жеңістер сериясы 2011 жылдың 9 ақпанында басталған болатын. Енді 2012/2013 жылғы ел чемпионатының 4-ші туры 22-28 ақпанда Павлодарда жалғаспақ. Бұған дейінгі алғашқы 2 тур 25-29 қараша және 22-26 желтоқсанда Алматыда өткен болатын.