«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ мен елдегі ҮЕҰ-лар арасында меморандум жасалды

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада медицина қызметінің сапасына арналған дөңгелек үстел жұмысы барысында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ елдегі ҮЕҰ-лармен меморандум жасасты.

«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ мен  елдегі ҮЕҰ-лар арасында меморандум жасалды

Шараға түрлі әлеуметтік топтардың көзқарастарын қорғап жүрген «Қазақстандық гемофилиямен науқастанған мүгедектер қауымдастығы» ҚБ, «Амансаулық» қоғамдық қоры, «ҚР Диабет қауымдастығы», «Қазақстандық гемобластозбен науқастанған мүгедектер қауымдастығы», «Дені сау Азия» қауымдастығы, Қазақстан дәрігерлері мен провизорлары қауымдастығы», «Астана қаласының тәуелсіз медициналық сарапшылардың қауымдастығы» сынды ұйымдар мен «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның басшылары, холдинг құрамындағы клиникалардың дәрігерлері қатысты. Тараптар пациенттердің құқықтарын қорғау және сақтау саласында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойды.

Аталмыш келісім, тараптардың пікірінше, ортақ сараптама топтарының өзара кеңестерін өткізуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді жасауға, бағдарламалар мен жобаларды атқаруға мүмкіндік береді.

«Медициналық қызмет сапасы, науқастардың қауіпсіздігі - Ұлттық медициналық холдинг үшін стратегиялық болып табылады. Медициналық қызмет сапасын әрдайым жүйелі және тұрақты түрде басқарып отыру керек. Шараның басты мақсаты - медициналық қызмет сапасын арттыру жолындағы бірлескен іс-қимылдар мен қадамдарды талқылау»,-деді «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, ішкі аудит жекелеген адамдардың медициналық қызмет сапасына неліктен көңілдері толмайтындықтарын толық ашып, анықтай алмайды. Ал бейімдік ұйымдар, бақылау тәжірибесінің көптігінен, бейімдік пациенттермен көп жұмыс жасайтындықтан, медицина сапасының қанағаттанарлық емес нәтижесіне жүйелі баға бере алады.

«Осы орайда біз ҮЕҰ-мен арадағы әріптестікке өте үлкен үміт артамыз. Бұл біздің жүйедегі кемшіліктерді, атап айтқанда медицина қызметінің сапасын басқару саласындағы олқылықтарды жоюға көмектеседі»,-деп атап көрсетті ол.

Жиында, сонымен қатар науқастардың құқықтарын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, медициналық технологиялардың тиімділігі мен қауіпсіздігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері, сонымен қатар холдинг пен ҮЕҰ арасындағы әріптестікті дамытудың негізгі принциптері мен тетіктері сараланды.

Қазір Ұлттық медициналық холдингтің 5 инновациялық медициналық орталығы бар. Т. Вощенкованың айтуынша, бүгінгі таңда олар тәулігіне 100 мыңнан астам пациентті қабылдауда. Холдингке қарасты клиникаларда 4 мыңнан астам медициналық қызметкер қызмет атқарады. Шілде айында 180 жатын орны бар Кардио-хирургиялық Ұлттық ғылыми орталық ашылмақ.