Ұлттық медициналық холдингі шетелде білім алатын дәрігерлер қатарын 2 есеге ұлғайтпақ
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Кәсіби ресурстарды дамыту холдинг алдындағы жаңа стратегияның маңызды бағыты болып табылады, деп хабарлады Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Елжан Біртанов.
«Өткен жылы біздің холдингтан шамамен 7 мың қазақстандық дәрігер оқудан өтсе, оның ішінде 4,5 мың адам еліміздің өңір-өңірлерінен келген. Көшпелі семинарлар, шеберлік сыныптары, конференциялар арқасында олар үздіксіз білім алып отырды», - деді Е.Біртанов.
Сонымен қатар, басқарма төрағасы атап өткендей, жыл сайын дәрігерлерді қайта даярлауға қомақты қаржы инвестицияланып, оларды оқыту жүргізіледі. Холдингте барлығы 800 дәрігер еңбек етеді.
«Біз дәрігерлерімізді шетелде білім алуға жібереміз. Мысалы, 2011 жылы 160-тан астам адам басқа елдерге білім алуға кетті.2012 жылы біз шетелге шығатын ақ халаттылар қатарын 2 есеге арттыруды көздеп отырмыз», - деді Е.Біртанов.
«Біз сәйкес меморандумдарға қол қойып, құжаттар аясында Кореяның университеттік клиникалары халықаралық медициналық қауымдастығымен, Германиядағы Charite клинкасымен, Бельгияның Healthcare Belgium қауымдастығымен ынтымақтастық орнаттық. Түркиядағы Duke University, Acibadem клиникалары стратегиялық әріптестер қатарында. Биыл біз ірі ресейлік орталықтармен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді сұхбатын Ұлттық медициналық холдинг басшысы.