Ұлттық мереке қарсаңында Семейде 500-ге жуық ағаш отырғызылды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Республика күніне орай Семей қаласында 500-ге жуық ағаш отырғызылды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімдік дерегінше, бүгін аталған шаһардағы аспалы көпір астындағы демалыс орыны аумағында алма және 50 түп шырша көшеттері егелген.
«Семей қаласы кезінде еліміздің ең жасыл қалаларының бірі болған. Енді облыс орталығы статусын алған кезде шаһарды бұрынғыдай жасыл желегі мол, саялы ететін боламыз. Алдағы жылдары бұдан да көп ағаш, бұта отырғызылатын болады. Жалпы мереке қарсаңында Семей қаласында 478 ағаш, 100 бұта егілді», - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.
Айта кетейік, аспалы көпір астындағы қоғамдық кеңістік осыдан бір ай бұрын ашылған. Онда спорт және паркур алаңдары мен шағын саябақ бар.



Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi