«Ұлттық мұра» автошеруіне қатысушылыр 7 мың шақырымды жүріп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі тұңғыш рет ұйымдастырған «Ұлттық мұра» автошеруінің қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтеді, деп хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен.

«Ұлттық мұра» автошеруіне қатысушылыр 7 мың шақырымды жүріп өтті

Шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі өкілдері, автошеруге қатысушылар - тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, «Allur Auto», «СарыаркаАвтоПром», «Агромашхолдинг», «TURKUAZ AUTOMOTIVE» компанияларының өкілдері қатысады. Спикерлер Алматы - Тараз - Шымкент - Түркістан - Қызылорда - Жезқазған - Қостанай - Көкшетау - Астана бағытын қамтыған автошерудің нәтижесін баяндайды және келесі жылы өтетін автошеру жайлы сөз қозғайды. Жиын соңында автошеруге қатысушыларға құрмет көрсетіледі. Айта кетейік, жоба алдағы 3 жылға жоспарланған. 10 күнге созылған алғашқы автошеру 7 мың шақырымды қамтыды. Шара шеңберінде оның қатысушылары тарихи-мәдени нысандарды аралап, жұртшылықпен «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын одан әрі жалғастыруға бағытталған жұмыстарды үйлестірудің жоспарымен бөлісті.